«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қол қойды.
Меморандум қоршаған ортаның сапасын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Құжатқа сәйкес, ҚМГ еншілес кәсіпорындары – «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ – келісімшарт аумақтары шегінде мұнаймен ластанған жерлерді тазалау, сондай-ақ жабдықталмаған шлам жинағыштарында орналастырылған қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі міндеттерді қабылдайды. Маңғыстау облысында мұнай кен орындарын пайдалану өткен ғасырда басталғанын атап өткен жөн, бұл мұнаймен ластанған ауқымды жерлердің пайда болуына әкеліп соқты (түрлі өндіріс қалдықтары және ескі мұнай төгілулері). Қазіргі уақытта ҚМГ компаниялары тобы тарихи ластанған жерлерді кәдеге жарату туралы шешім қабылдады.
Меморандумға сәйкес ҚМГ өзінің еншілес және тәуелді ұйымдарымен бірлесіп, экологиялық талаптар мен стандарттардың міндетті сақталуын қамтамасыз етеді, келісімшарт аумақтарында қалдықтарды түгендейді, қалдықтарды қайта өңдеу, мұнаймен ластанған жерлерді қалпына келтіру бойынша озық әдістер мен экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізеді. Сондай-ақ, қалдықтарды қайта өңдеу өнімдерін (тазартылған топырақ) кейіннен шаруашылық қызметте пайдалануды қамтамасыз етеді.
Экология министрлігі өз кезегінде экологиялық заңнама талаптарының сақталуына бақылау жүргізеді, ҚМГ компаниялар тобы қызметінің қоршаған ортаға жағымсыз әсерін азайту жөніндегі шаралардың іске асырылуын үйлестіреді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуы бойынша, Қазақстанда алғаш рет компания өзіне мұндай көлемдегі міндеттерді қабылдауда.
«Бұл құжатты іске асыру еліміздің батысындағы мұнаймен ластанған жерлерді едәуір тазартуға, өңірдің жағымды экологиялық ахуалын қолдап тұруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Министрлік қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тұтас бір шаралар кешенін орындауды жоспарлап отыр», - деп атап өтті М. Мырзағалиев.
«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының қызметі қоршаған ортаға әсер етуімен тікелей байланысты. Сол себепті біз еліміздің байтақ табиғатын, табиғи ресурстарды сақтауға, қоршаған ортаның тарихи ластанған жерлерін жоюға, қалдықтарды азайтуға мүдделіміз. Бүгінгі меморандум Экология министрлігімен күш-жігерімізді біріктіріп, «ҚазМұнайГаз» қызметін жүргізетін өңірлерде экологиялық ахуалды барынша жақсартуға мүмкіндік береді, деді ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.
Маңғыстау облысы